Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жоғалған жылқылар мұзда қатып қалған

Павлодар облысында жоғалған 26 жылқының мұзда қатып қалған денелері табылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

4 желтоқсанда Аққулы ауданының полициясына шаруа қожалықтарының бірінің басшысы 2020 жылғы 30 қараша – 1 желтоқсан аралығында Аққулы ауданының Қазы ауылынан 10 шақырым жерде орналасқан жайылымнан 26 жылқысының ұрланғаны туралы хабарлады.

Жоғалған малдың иесі жылқыларды бірнеше күн бойы өз бетінше табуға тырысқан, алайда іздеу жұмыстары нәтижесіз аяқталғандықтан полициядан көмек сұрауға бел буған.

Аталған факт бойынша полиция бөлімінің жеке құрамы мен ауданмен шекаралас өңірлер бағдарланып, бірнеше мобильді топтарға бөлінген полицейлер қарқынды іздестіру шараларын өткізді.

 – Нәтижесінде 6 желтоқсан күні Қазы ауылынан 15 шақырым жерде орналасқан Борлы көлінде мұзда қатып қалған 26 жылқының өлі денесі табылды, – деді Аққулы ауданы полиция бөлімінің бастығы Тасқын Бодиев.

Павлодар облысының полицейлері облыс тұрғындарына қырағы болу және өз малдарын қараусыз қалдырмау қажеттілігі туралы ескертеді. Көбінесе қараусыз мал ұрылар үшін оңай олжаға айналады. Сондай-ақ малды тіркеп, биркалау, ал шаруа қожалықтарын нығайту қажет.

Мал жоғалған немесе ұрланған жағдайда дереу полицияға «102» телефоны бойынша хабарласу керек. Бұл жоғалған малды уақытында табуға немесе мал ұрлығын «ізін суытпай» ашуға көмектеседі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру