Жоғары сынып оқушыларына дәрістер өткізілді
Атырауда полицейлер 8-11 сынып оқушылары мен олардың ата-аналарына есірткінің заңсыз айналымына қатысты заңнамалық актілерді зерделеу бойынша дәрістер өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
– Атырау облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен жергілікті полиция бөлімінің инспекторлары ZOOM платформасы арқылы кәмелетке толмағандарға қатысты әкімшілік және қылмыстық заңнамалар, сондай-ақ есірткіні қолданғаны үшін көзделген қылмыстық жауапкершілік туралы дәрістер өткізді, – деп хабарлады Атырау облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Нұрхат Оразбаев.
Онлайн режимде өткен дәрістер 8-11 сынып оқушыларына ата-аналарының қатысуымен ұйымдастырылды. Атап айтқанда, Атырау қаласының аумағында орналасқан орта мектептерде 70 дәріс , ал аудандардағы білім беру ұйымдарына 77 дәріс өткізілді.
Дәрістер барысында барлық қатысушыларға есірткінің заңсыз айналымына қатысты заңнама талаптары, жаңа психотроптық заттардың кәмелетке толмағандар арасында айналымға түсуіне жол бермеу туралы түсіндірілді.