Жол апаты салдарынан жүргізуші қаза тапты
Павлодар облысында жол апаты салдарынан жүргізуші қаза тапты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
2020 жылғы 23 желтоқсан күні сағат 14.15 шамасында «Фольцваген Пассат» автокөлігінің 43 жастағы жүргізушісі Бозшакөл кенті ауданындағы «Шідерті – Нұр-сұлтан» автожолының 37 шақырымында батыс бағытында келе жатып, көлігімен қарсы бағытқа қарай аударылған.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан жүргізуші оқиға орнында көз жұмды, ал көлік жолаушысы жарақаттармен ауруханаға жеткізілді.
Оқиға орнында полиция қызметкерлері жұмыс істеуде.
Полиция департаменті Павлодар облысының тұрғындары мен қонақтарына ауа райының нашарлауына байланысты ұзақ сапарлардан аулақ болуға, сондай-ақ ауа райы және тас жолдардың жай-күйі туралы хабарламаларға назар аударуға шақырады.
Ауа райы күрт нашарлаған жағдайда автомобиль жүргізу жүргізушілерден жолға барынша назар аударуды, сондай-ақ шиналарды уақтылы ауыстыра отырып, автомобильді қысқы кезеңдегі жол және метеорологиялық жағдайларға тиісінше дайындауды талап етеді.
Жолда қиын жағдайға тап болған жол қозғалысының барлық қатысушылары тәулік бойы ішкі істер органдарының бөлімшелеріне «102» нөмірі бойынша хабарласа алады.