Жол ережесін бұзған 1000-нан астам адам анықталды
Алматы облысында "Қауіпсіз жол" жедел – алдын алу іс-шарасы жол ережесін бұзған 1 мың 300-ден астам құқық бұзушыны анықтады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы облысында "Қауіпсіз жол" жедел-алдын алу шарасы өз жұмысын бастады. Кең ауқымды іс-шара жол-көлік оқиғалары мен олардың зардаптарының ауырлығын алдын алуға және төмендетуге, жол қозғалысы ережелерін бұзу деректерінің жолын кесуге және анықтауға бағытталған. Өткен тәуліктің өзінде облыс жолдарында 1318 ЖҚЕ-ні бұзушы тіркелді, ал екі күн ішінде патрульдік полицейлер жол қозғалысы ережелерін бұзған 2246 адамды анықтаған.
- Құқық бұзушылықтың көшбастар үштігінде: жаяу жүргіншілер ережесін бұзу - 360 дерек, белгіленген қозғалыс жылдамдығын арттыру - 103 хаттама, мемлекеттік немесе міндетті техникалық байқаудан өтпеген жүргізушілердің көлік құралдарын басқаруы - 63 оқиға. Патрульдік полицияның жеке құрамы күшейтілген түрде қызмет атқарады, - дейді Алматы облысы ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Бағдат Әшімов.
Полиция нарядтары мас күйінде автокөлікті басқару, қарсы қозғалыс жолағына шығу, қауіпсіздік белдігін пайдаланбау, ұялы телефон арқылы сөйлесу және жол-көлік оқиғаларын жасауға алғышарттар жасайтын басқа да ЖҚЕ-ге қатысты құқық бұзушылықтарды анықтау және жолын кесу бойынша жұмыстарды күшейтіп жатыр.
- Елді мекендердің қиылыстарындағы, автомобиль жолдарындағы және көшелердегі наряд тығыздығы артты. Ішкі істер органдарының қызметін регламенттейтін ҚР Ішкі істер министрлігінің бұйрықтары мен нормативтік-құқықтық құжаттары негізінде жол-патрульдік полициясы қызметкерлерінің міндеттері мен жұмыс әдістері нақты анықталған. Олар автопатрульдеуді, жаяу патрульдеуді, сондай-ақ жол қозғалысына қатысушыларды қадағалауды қамтиды. Жоғарыда аталған жұмыстардың барлық әдістері осы жедел-алдын алу іс-шараларын өткізу аясында қолданылып жатыр, - деп толықтырды Әшімов.