Жол-көлік оқиғаларын алдын алу шарасы өткізіліп жатыр
Екі күн ішінде Ақтөбе облысы бойынша 964 жол жүру ережелерін бұзу фактісі тіркелсе, қала ішінде 347 факті анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жол-көлік оқиғаларын алдын алу, маневр жасау, жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі мақсатында облыс аумағында 23-30 мамыр аралығында «Қауіпсіз жол» профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр.
Шара аясында қала жолдары мен апаттық-қауіпті аумақтарда жылдамдық режимін сақтау, айналып өту ережелері, маневр жасау, жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қауіпсіздік белдігін қолдануды сақтау мәселелеріне көңіл бөлінеді.
Облыста жол қозғалысы ережесін бұзудың 964 фактісі анықталса, оның ішінде 94 жылдамдық асыру фактісі, жаяу жүргіншілерге жол бермеудің – 20, масаң күйде көлік айдаудың – 17, жаяу жүргіншілердің жол ережесін бұзудың 178 фактісі тіркелді.
Акция басында жүрген Ақтөбе қаласы Полиция басқармасының патрульдік полиция батальонының командирі Шуканов Ермек өз сөзінде: Полиция батальонының қызметкерлері 70%-ы қызметте жүреді. Көбіне жол-көлік оқиғасы орын алуы мүмкін қауіпті аймақтар, жұмыстан кейінгі кешкі уақыттар жіті қадағаланады.Жол қозғалысы қатысушыларының өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажет, – екендігін қоса кетті.
Балаларға қатысты жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жаяу жүргіншілерге қатысты жол ережелерін сақтау акциясы барысында жол қатысушыларына полицейлер арнайы жол ережелерін сақтау буклеттерін таратты.
Акцияның негізгі мақсаты – жол ережесін бұзу фактілерін, соның ішінде балалармен болған жол-көлік оқиғаларының санын азайту. Қазіргі кезде жыл басынан балалардың қатысуымен 22 жол-көлік оқиғасы орын алса, жарақат алғандар саны – 24-ке жетті.
Ақтөбе облысы Полиция департаменті көлік жүргізушілері мен жол қозғалысы қатысушыларын жол жүру ережелерін сақтауды, жолда сақ жүруді және мұқият болуды ескертеді.