Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жол-көлік оқиғасына түскен әйел СҚО полицейлеріне алғысын білдірді

Жол-көлік оқиғасына түскен әйел СҚО полицейлеріне алғысын білдірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Петропавл тұрғыны СҚО ПД бастығы Марат Төлебаевқа қызметкерлердің кәсібилігіне алғысын білдірген хатын жолдаған. Қыркүйектің 22-сі «Volkswagen Touareg» автокөлігін тізгіндеген әйел «Челябі-Новосібір» автожолының 504 шақырымында жол-көлік оқиғасына түскен. Сағат 05:00 шамасында жол үстіне бір табын жылқы шыға келген. Қас қарайған кезде соқтығысуды болдырмау мүмкін болмады. Жүргізуші жапа шекпеген, көлік механикалық зақымданған, жылқы өліп қалған. Әйел полицияға жүгінген. Көп ұзамай оқиға орнына СҚО ПД патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Әділ Қазиев пен Азамат Байжігітов және Қызылжар ауданы ПБ учаскелік полиция инспекторының көмекшісі Жамбыл Оралбаев және әкімшілік полиция қызметкері Жанболат Әділов келіп жеткен.

– Олар маған жағдайдың құқықтық жағын түсіндірді, жылдам материал жинады, – деп жазған хатында қала тұрғыны. – Әсіресе, учаскелік полиция инспекторының соғылған жылқының кімге тиесілі екенін қараңғыда жазбай анықтауы мені таңқалдырды. Кейін оқиға орнына жеткізілген мал иесінің өзі әрең таныды. Меніңше, бұл қызметкердің аса жауапкершілігін әрі кәсібилігін байқатады.

Аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы полиция подполковнигі Нұрлыжан Ақтановтың айтуынша, табын иесі еркін жайылымға малды бос жібергені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Полицейлер қаңғыбас мал жол қозғалысына қатысушылар үшін қауіпті екенін және ауыр салдарға әкеп соғатын жол-көлік оқиғасына себепкер болуы мүмкіндігін еске салады. Облыс аудандарында тәртіп сақшылары ұдайы түрде осындай фактілердің алдын алу үшін тұрақты түрде мал иелеріне малды ұйымдасқан түрде бағу қажеттілігін айтуда.

– Қызметтік міндеттерін атқарғаны үшін адамдардың ризашылықтарын білдіруі – қызметкерлердің тиімді жұмысын көрсетеді және де одан әрі қызмет ету үшін жақсы серпін береді, – деді ол.

 

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру