Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жол қауіпсіздігі – басты назарда

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданында жол-көлік оқиғаларының алдын алу және апатты азайту мақсатында белсенді профилактикалық жұмыс жалғасуда, – деп хабарлайды Polisia.kz.

9–18 шілде аралығында аудан аумағында "Қауіпсіз жол" жедел алдын алу іс-шарасы өтуде. Патрульдік полиция ротасының қызметкерлері күн сайын жол қозғалысы ережелерінің адам өміріне қауіп төндіретін өрескел бұзушылықтарын анықтауда.

Назарда – қарсы қозғалыс жолағына шығу, көлікті мас күйде немесе есірткілік әсермен жүргізу, жүргізуші куәлігінсіз көлік басқару, жылдамдықты арттыру, жаяу жүргіншілерге жол бермеу және бағдаршам сигналдарын елемеу сияқты әрекеттер.

Жыл басынан бері Еңбекшіқазақ ауданында 9445 жол ережесін бұзу фактісі тіркелген. Атап айтқанда, көлік құралын пайдалану ережесін бұзу – 1128 дерек, құжатсыз көлік жүргізу немесе көлікті жүргізуші куәлігі жоқ тұлғаға беру – 171 жағдай, қауіпсіздік белбеулері мен мотошлемдерді пайдаланбау – 559, қарсы жолаққа шығу – 36, жаяу жүргіншілерге жол бермеу – 116, мас күйінде көлік жүргізу – 53, тоқтау және тұру ережелерін бұзу – 241, жаяу жүргіншілер тарапынан болған құқық бұзушылықтар бойынша 1888 дерек тіркелген.

Басты мақсат – тек заң бұзушылықты анықтау емес, сонымен қатар алдын алу. Осы бағытта көлік жүргізушілерімен және жаяу жүргіншілермен тұрақты түрде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, жолдағы қауіпсіздік туралы жадынамалар мен ақпараттық парақшалар таратылуда.

– Біз үшін маңыздысы – тек құқық бұзушылықты тіркеу емес, әрбір жол қозғалысына қатысушыға көлік тізгініндегі қателіктің құны өте жоғары екенін түсіндіру. Әсіресе көлік қозғалысы көп аймақтарда күнделікті профилактикаға ерекше көңіл бөлудеміз. Жолдағы тәртіп – адам өмірінің кепілі, – деп атап өтті тәртіп сақшылары.

Профилактикалық жұмыс жалғасуда. Аудандық полиция барлық жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді жолда мұқият және тәртіпті болуға шақырады. Жол қауіпсіздігі әрқайсымыздан басталады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру