Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жол қауіпсіздігінің болашақ қорғаушылары: ШҚО-да жас инспекторлар слеті өтті

ШҚО-да жас инспекторлар слеті өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Өскемен қаласында Шығыс Қазақстан облысы полиция департаменті мен облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен жас жол қозғалысы инспекторларының дәстүрлі облыстық слёті жоғары деңгейде өтті.

Биылғы шараға өңірдің әр түкпірінен келген 10 мектеп командасы қатысты. Қатысушылар интеллектуалды және практикалық сайыстар барысында жол қозғалысы қауіпсіздігіне қатысты білімдері мен дағдыларын сынға салды. Жасөспірімдер жол ережелерін білу, шұғыл жағдайда әрекет ету, үгіт-насихат жүргізу және велосипедпен дәл жүріп өту секілді тапсырмаларды сәтті орындап, ұйымшылдық пен зеректік танытты.

Шараны ашқан ШҚО полиция департаменті бастығының орынбасары Рифхат Тауфиков қатысушыларды құттықтап, олардың белсенділігіне жоғары баға берді.

- Сіздер – болашақтың заңды құрметтейтін, жауапкершілігі мол азаматтарысыздар. Бүгінгі белсенділік пен ынта-жігер – ертеңгі қауіпсіз қоғамның кепілі, – деді ол.

Слет шеңберінде алты бағыт бойынша байқау ұйымдастырылды: "Жас реттеуші", "Жас санитар", "Эрудиттер турнирі", "ЖҚЕ білгірлері", "Үгіт-насихат тобы", "Велосипедпен мәнерлеп жүру".

Жалпыкомандалық есеп бойынша:
- І орын – Өскемен қаласындағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы №20 орта мектеп,

- ІІ орын – Риддер қаласының командасы,
- ІІІ орын – Самар ауданының жас инспекторлары иеленді.

Бұл слет – тек жарыс алаңы ғана емес, балаларды тәртіпке, заңға құрметпен қарауға және жол қозғалысына деген жауапкершілікті сезінуге баулитын маңызды тәрбие алаңы екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру