Жол қозғалысы ережелерін бұзғандар жауапқа тартылды
Павлодар облысында жыл басынан бері жол белгілері және таңбаларымен белгіленген талаптарды бұзғаны үшін жеті жарым мыңға жуық жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
– 2020 жылдың 11 айында облыс аумағында жол белгілерімен және таңбалармен белгіленген талаптарды бұзғаны үшін 7 414 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Павлодар қаласында Павлов көшесіндегі Халыққа қызмет көрсету орталығының алдында «Мерседес» және «Тойота» автокөліктерінің жүргізушілері өз көліктерін жаяу жүргіншілер өткеліне қойған. Аталған екі жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 597-бабы 1-бөлігі (Көлiк құралдарын тоқтату немесе тоқтап тұру қағидаларын бұзу) бойынша әкімшілік іс қозғалды, әрқайсысына бес АЕК мөлшерінде айыппұл салынды. Жол-көлік оқиғаларының алдын алуда жол қозғалысы ережелерін мүлтіксіз сақтау маңызды рөл атқарады. Барлық жол қозғалысының қатысушылары олардың өмірі мен денсаулығы өз қолдарында екенін анық түсінуі керек. Рөлге отырған кезде жүргізуші ережелерге ерекше назар аударуы керек, сонымен қатар оларды мүлтіксіз орындауы керек. Жүргізушілерден басқа, жаяу жүргіншілер де өте сақ әрі қырағы болуы тиіс, – деді Павлодар облысы Полиция департаментінің бастығы Нұрлан Мәсімов.
Полиция қызметкерлері жолаушылар мен жүктерді тасымалдау, қауіпсіздік белдіктерін немесе мотошлемдерді пайдалану талаптарын сақтамағаны үшін 7403 жүргізушінің әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын атап өтті.
Бұдан басқа облыс көлемінде жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін 6160 жаяу жүргінші жауапкершілікке тартылған.