Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жол қозғалысы ережелерін бұзушылар анықталды

Павлодар облысында жол қозғалысы ережелерін бұзған жүргізушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

– Павлодар қаласында полицейлер 27 жастағы жүргізуші басқарып келе жатқан «Тойота» автокөлігін тоқтатты. Тексеру кезінде жүргізушінің жазғы резинаны қысқы резинаға ауыстырмағаны анықталды. Тағы бір жүргізуші автобус салонына қосымша орын орнатып, көлік құралының салонын заңсыз қайта жабдықтаған. Құқық бұзушыларға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабы (Көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу) бойынша әкімшілік іс қозғалды, 5 және 15 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды. Сонымен қатар автобус жүргізушісінен мемлекеттік тіркеу нөмірі алынды. «Қысқы резина» жедел-алдын алу іс-шарасының нәтижесінде полиция қызметкерлері жылдамдықты асырған 120 жүргізушіні жауапқа тартты. Айыппұл тұрағына 32 автокөлік орналастырылды, 40 – тан астам автокөліктің мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілері алынды, – деді Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров.

Жасқайрат Қайыровтың айтуынша, көлік резинасының уақтылы ауыстырылмауы жүргізушінің өзі үшін де, жол қозғалысының қалған қатысушылары үшін де ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін. Өз көліктерінің шиналарының жай-күйіне уақытында мән бермеген автокөлік жүргізушілері жол-көлік оқиғаларына жиі себепкер болады.

Алдын алу іс-шарасының нәтижелері жол қозғалысы ережелерін елемейтін тұрғындардың көп екенін көрсетеді. Екі күн ішінде полиция қызметкерлері 812 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады, оның ішінде 154 жаяу жүргінші жолды белгіленбеген орындардан өтсе, 47 жүргізуші техникалық байқаудан өтпеген көлік құралдарын басқарған, 18 адамның өз көлігін заңсыз қайта жабдықтағаны анықталды. Сонымен қатар 13 жүргізуші көлігін мас күйінде тізгіндесе, бұрын көлік құқығынан басқару айырылған 9 жүргізушінің қайтадан көлік басқарып жүргені белгілі болды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру