Жол қозғалысының жас инспекторлары жүргізушілерге маңызды ескерту жасады
Жетісу облысында мектеп оқушылары мен жас инспекторлар жүргізушілерді қысқы жолдарда абай болуға шақырады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жетісу облысында қыс мезгілінде жол қауіпсіздігін арттыруға бағытталған "Жүргізуші, абай бол!" республикалық флешмобы басталды. Акцияға мектеп оқушылары, студенттер және жас жол инспекторлары қатысып, барлық жүргізушілерге маңызды үндеу жолдады: жылдамдықты азайту, қысқы тас жолдарда аса мұқият болу және жолдағы әрбір адамның қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарау.
Қыс – жол үшін қауіпті кезең. Қарлы боран, көктайғақ, көрінудің нашарлауы және қатты жел жол-көлік оқиғаларының қаупін бірнеше есе арттырады. Сондықтан Жетісу облысының жас қатысушылары жүргізушілерге тек өз өмірі үшін ғана емес, жолдағы басқа адамдардың қауіпсіздігі үшін де абай болуды еске салды.
Флешмоб қатысушылары жүргізушілерге бірнеше қарапайым, бірақ маңызды кеңес берді:
жылдамдықты төмендету, әсіресе көктайғақта;
рульде алаңдамай, жолға зейін қою;
көліктің техникалық жағдайын үнемі тексеріп отыру;
өз денсаулығын бақылау, шаршаған немесе жайсыз күйде көлік басқармау.
Олардың үндеуі қарапайым көрінгенімен терең мәнге ие: қысқы жол қателіктерді кешірмейді.
Бұл жолдар абайлық пен сақтықтың, өмірге деген құрметтің нышаны.
Жол қозғалысының жас инспекторлары, мектеп оқушылары және студенттер барлық жүргізушілерге бір дауыспен "Қыста жылдамдықты азайт!" - деп үн қатты.
