Жол тәртібін сақтамаған жүргізушілер жауапқа тартылды
Талдықорғанда сегіз мыңға жуық жүргізуші жол ережесін сақтамағаны үшін жауапқа тартылған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Облыс орталығының патрульдік полицейлері жол жүру тәртібін сақтамаған жүргізушілерге жыл басынан бері 7937 әкімшілік хаттама толтырған.
– Жазаның қатаңдатылғанына қарамастан, көлікті масаң күйде басқарған жүргізушілер саны азаяр емес. Жыл басынан бері темір тұлпарын ішімдік ішіп басқарудың 46 дерегі әшкереленіп, тиісті шаралар қабылданды. Көлік әйнегіне қараңғылағыш пленка жапсырғаны үшін 350 хаттама толтырылды. Тиісті құжаттары болмаса да көлік басқарған 320 жүргізуші ұсталды. Қозғалыс кезінде қауіпсіздік белдігін тақпаған 429 адам айыппұл арқалады,- деп атап өтті Талдықорған қаласы Полиция басқармасының басшысы Асқар Нұрсапа.
Қазіргі таңда қалада жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған арнайы шаралар өткізіліп жатыр. Жол ережесін бұзғандарға қолданыстағы заңнамаға сәйкес қатаң әкімшілік жазалар қолданылады.
– Жаяу жүргіншілер де көлік жүргізушілері сияқты жол қозғалысының қатысушылары, яғни олардың да жол жүру ережелерін қатаң сақтауы талап етіледі. Жолды белгіленбеген жерден кесіп өту – жаяу жүргіншілер арасында ең көп кездесетін құқық бұзушылық. Оның салдары өте ауыр болуы мүмкін. осыған орай, жыл басынан осындай 516 жаяу жүргіншіге жол жүру ережелерін сақтамағаны үшін әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынды,- деп толықтырды Асқар Нұрсапа.