«Жолда қабылдау» акциясы: Түркістан облысының полицейлері 200-ден астам тұрғынды қабылдады
Түркістан облысы полиция департаментінің қызметкерлері «Жолда қабылдау» акциясын өткізіп, 200-ден астам тұрғынды қабылдады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
22 орында өткен акцияның екі тәулігінде тәртіп сақшылары 220-ға тарта тұрғынның мәселесіне ден қойды. Азаматтардан келіп түскен әрбір сауалға заң аясында құқықтық кеңес берілді.
Мәселен, жұртшылық тарапынан автокөліктерді тіркеу, жүргізуші куәлігін алу және айыппұлдарды мерзімінде төлеу, көші-қон қызметіне, кадр саласына қатысты сауалдар көптеп қойылды.
Жалпы, бұл акцияның негізгі мақсаты – тұрғындар мен полиция қызметкерлері арасындағы кері байланысты нығайтып, ашықтықты қамтамасыз ету, халыққа қолайлы жағдай жасау.
Айта кетсек, іс-шара келесі айда тағы өткізіледі.