«Жолда қабылдау» акциясында желіге түскен сұрақтар жауапсыз қалмады
Шілде айының 17-18 күндері таңғы сағат 09:00 ден кешкі 19:00-ге дейінгі аралықта республикалық “Жолда қабылдау” акциясы қайта өз жалғасын тапты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бүгін Түркістан облысы Полиция департаментінің ұйымдастыруымен аталған акцияның алғашқы күні карантин талаптарын, барлық сақтық шараларын қолдана отырып, облыс көлемінде Халыққа қызмет көрсету орталықтарының жанында, фронт-кеңселердің қасында өткізілді. Оның ішінде Түркістан қаласында «Мега Сити» сауда орталығы жанында және Түркістан қаласы, Ерубаев көшесі №197 В мекен-жайында орналасқан ТО ПД-нің «Азаматтарды қабылдау бөлмесі» алдында өтті.
Іс-шара барысында облыс тұрғындары Полиция департаментінің «Facebook», «Instagram» әлеуметтік желілері арқылы өздерінің көкейіндегі сұрақтарына онлайн-режимде жауап алды. Бірінші күннің өзінде әлеуметтік желі қолданушыларынан 100-ге тарта сұрақтар қойылып, полицейлер тарапынан жауаптар қайтарылды. Одан бөлек 10 тұрғын акцияға арнайы келді. Оның сегізі өздерінің сауалдарына құқықтық кеңес алса, екі тұрғын айыппұл және көлікке газ орнату бойынша арыздарын қалдырды.
Аталмыш акцияның ұтымды тұсы осылай көмекке жүгінгендердің мәселелері жедел түрде шешілуінде. Кезексіз кез-келген тұрғынды қабылдаған облысымыздың тәртіп сақшылары азаматтардың мәселелерін тез арада қарап шықты.
Тікелей қабылдау жүргізген Түркістан облысы Полиция департаменті ӘПБ бастығы Алмасхан Тастанбеков мұндай акцияны ұйымдастырудың халық үшін пайдасы зор екендігін, халықпен қарым-қатынасты күшейтетіндігін атап өтті. Ең бастысы тұрғындарға қолайлы екенін жеткізді.
Жалпы акцияның негізгі мақсаты – халықпен кері байланыс орнатып, ашықтықты қамтамасыз ету, полицияның имиджін арттыру үшін азаматтар тарапынан Ішкі істер органдарына қатысты сұрақтары мен арыз-шағымдарын және өздерін қызықтыратын басқа да (көші-қон заңнамасын сақтау, жүргізуші куәліктерін, автокөліктерді тіркеу, төлқұжаттар мен жеке куәліктерді беру, жол қозғалысын ұйымдастыру, көлік құралдарын қайта жабдықтау, сондай-ақ Әкімшілік құқық бұзушылық үшін айыппұл төлеу) сұрақтарға жауап беру болып табылады.