"Жолда қалғандар үшін көлігімде жанармай алып жүремін": учаскелік полицей
Учаскелік полиция қызметкерінің жұмысы жай ғана мамандық емес, ол үнемі көмекке дайын болуды, адамдармен жұмыс істей білуді және қоғамға адал қызмет етуге деген құлшынысты қажет ететін өмір салты. Мұны Мойынқұм аудандық полиция бөлімі жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің аға учаскелік полиция инспекторы полиция майоры Ерлан Битанов жақсы біледі. Ол 2005 жылдан бастап ішкі істер органдарындағы еңбек жолын учаскелік полиция инспекторының көмекшісі қызметінен бастады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ерлан Битанов күн сайын таңертең өз жұмысын жоспарлаудан бастайды – ол азаматтардың өтініштерін сараптайды, әкімшілік учаскедегі жедел жағдайды зерттейді, кімге профилактикалық әңгіме немесе көмек қажет екенін тексереді. Оның жауапкершілігіне ондаған отбасы кіреді, оның ішінде профилактикалық есепте тұрғандар да бар. Тұрғындармен үнемі байланыста болу – учаскелік полиция қызметкерінің қызметіндегі маңызды құрамдас бөлігі.
- Барлық тұрғындарды жақсы танып білу керек, кімнің отбасында, өзінде қандай мәселе бар, қай жерде жанжал туындап, қай жерде қиындық туындауы мүмкін екенін түсіну керек, - дейді полиция майоры Ерлан Битанов.
Жақында болған есте қаларлық оқиғаның бірі – Қытайдан келген саяхатшының оқиғасы. Осы жылдың мамыр айында Мойынқұм ауданындағы адам аз жүретін жолдардың бірінде туристің көлігінің жанармайы таусылып қалған. Ерлан мен оның әріптесі көмекке келіп, мотоцикліне бензин құйып беріп, жолдарына сәттілік тіледі. Оқиға мұнымен бітпеді - мотокөлігіне мініп кеткен әйел құжаттары бар сөмкесін ұмытып кеткені белгілі болды. Полицейлер оны қуып жетіп, ұмытылған заттарды қайтарып берді. Шетелдік саяхатшы қайтарылған заттары үшін емес, адамның жанашырлығы үшін өте риза болды.
Мойынқұм ауданы – ерекше жер. Мұнда Қазақстаннан ғана емес, көршілес Ресей мен Қырғызстаннан да көптеген балықшы келетін Балқаш көлі орналасқан. Дегенмен, бейтаныс жер мен құмды аймақтар көбінесе туристер үшін қиынға соғады. Адамдар шатасып, адасып, жолдың қақ ортасында жанар-жағармайсыз қалып жатады.
- Қызметтік көлігімде үнемі канистрмен жанармай алып жүремін. Бұл әдетке айналған маған. Құмды аймақта адасқандарға немесе әрі қарай жолын жалғастыра алмайтындарға көмектесеміз - бұл да менің қызметімнің бір бөлігі, - дейді Ерлан Битанов.
Учаскелік инспектор – тұрғындар тек қызметтік мәселелер бойынша ғана емес, сонымен қатар көмек те сұрайтын адам. Біреу шулы көршілеріне шағымданады, біреу отбасылық жанжал туралы хабарлайды, ал біреу жай ғана кеңес сұрайды және барлығы да оның қолдауын және түсіністік танытқанын күтеді.
Ерлан Битановтың жұмысынан нағыз учаскелік инспектордың қандай болуы керектігінің үлгісін көреміз: зейінді, ұқыпты, тәртіпті және әрқашан көмектесуге дайын.