«Жолдағы балалардың қауіпсіздігі»: Түркістан облысының полицейлері оқушыларға ашық сабақ өткізді
Түркістан облысының полицейлері «Жолдағы балалардың қауіпсіздігі» іс-шарасы аясында оқушыларға ашық сабақ өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан қалалық ПБ жергілікті полиция қызметінің қызметкерлері бастауыш және жоғары сынып оқушылары арасында «Жолдағы балалардың қауіпсіздігі» туралы ашық сабақтар өткізуде.
Полицейлер Түркістан қаласында орналасқан №21 орта мектебіне барып, оқушыларға жол белгілері мен жолдардағы жүріс-тұрыс ережелерін егжей-тегжейлі түсіндірді. Тәртіп сақшылары 1 сынып оқушыларына көлік жолдарынан өту кезіндегі қауіпсіздік ережелерін атап өтті. Оған қоса балалардың ойында жақсы сақталып қалу мақсатында көрнекі құралдарды көрсетіп, бағдаршаммен қалай жұмыс жасау керектігін ұғындырды.
Оқушылар танымдық сабақтарды мұқият және үлкен қызығушылықпен тыңдап, қырағы болуға және жол қозғалысы ережелерін сақтауға сөз берді. Дәріс соңына таман Түркістан қалалық ПБ-ның полицейлері сабақты одан әрі қызықты өткізу үшін мектеп жанындағы жаяу жүргіншілер өткеліне шығып, балаларға жолдан өту ережелерін көрсетті.
Тәртіп сақшылары оқушыларға жан-жағын мұқият қарап, жаяу жүргіншілер өткелінен бағдаршамның жасыл түсі жанғанда өтуге, сондай-ақ жолда абай болуға кеңес берді.