ЖШС қызметкері құны 1 млн теңгеге жуық мүлікті жымқырған
Өскеменде жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің бірінің қызметкері құны 1 миллион теңгеге жуық мүлікті талан-таражға салған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Өскемен қаласының ПБ Үлбі полиция бөліміне қаладағы жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің бірінің директорының орынбасары жүгініп, 2020 жылдың қазанынан 2020 жылдың желтоқсанына дейінгі аралықта құны 900 000 теңгені құрайтын мүлкінің талан-таражға салынғаны туралы хабарлады.
Бұл факт бойынша жедел-іздестіру іс-шараларын өткізген криминалдық полиция қызметкерлері осы қылмысты жасаған ЖШС-нің 26 жастағы жүргізушісін әшкереледі, ол өз кінәсін мойындады.
Қазіргі таңда күдіктіге қатысты ҚР ҚК-нің 189-бабының 2-бөлігі (Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.