Жүк көлігінің аккумуляторын қолды қылған шардаралық ұсталды
Түркістан полицейлері КамАЗ жүк көлігінің аккумуляторын ұрлаған күдіктіні тәулік ішінде ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шардара АПБ-ға жергілікті тұрғын арызданып келген. Жәбірленуші азаматтың айтуынша, үйінің алдында көше бойында тұрған КамАЗ автокөлігінен құны 50 мың теңге тұратын екі дана аккумуляторын белгісіз біреу ұрлап кеткенін көрсеткен. Келтірілген жалпы шығын көлемі 100 мың теңге. Тәртіп сақшылары аталған жайтты ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша СДТТБТ-ға тіркеді.
Хабар алысымен полиция қызметкерлері оқиға орын алған жерге жедел жетті.
Осылайша тәртіп сақшылар қылмысты ашуға бағытталған барлық іс-шараларды жүргізді. Осындай жедел іздестіру жұмыстарының нәтижесінде шардаралық полицейлер күдікті азаматты тәулік ішінде жергілікті мекенжайынан ұстады. Бүгінде осы оқиғаға қатысты тергеу амалдары жүргізілуде.
Белгілі болғандай күдікті азамат түнгі уақытта көше бойында тұрған КамАЗ жүк көлігін көріп оның аккумуляторына көзі түскен. Оңай жолмен ақша табуды көздеп, айналада адамдардың жоқтығын пайдаланып, өзінің басқаруындағы автокөлікке салып, оқиға орнынан бой тасалаған. Содан соң өзінің досына екі дана аккумуляторды 50 мың теңгеге бағалап, сатып жіберген. Ұрланған аккумуляторлар айғақты зат ретінде алынып, заңды иесіне табысталды. Бүгінгі таңда ұсталған орта жастағы азамат қолхатта.
Түркістан облысының полицейлері ұрлық қылмысының алдын алу үшін, сауда орындарына, ғимараттарға, үйлеріңізге бейнебақылау камералары мен дабылқаққыштар орнатуға кеңес береді. Ұрлық орын алған сәтте, тез арада полицияның «102» телефоны арқылы хабар беріңіздер деп ескертеді.