Жүк көлігінің жүргізушісі жамбылдық полицейлерге алғыс айтты
Жүк көлігінің жүргізушісі жамбылдық полицейлерге алғыс айтты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ағымдағы жылдың 6 мамырында Жамбыл облысының Полиция департаменті патрульдік полиция батальонының қызметкерлері «Алматы-Ташкент» көлік жолында Қордай ауылының маңындағы жол жиегінде қаңтарылып тұрған үлкен жүк машинасын байқаған. Олар жүргізушіден себебін анықтап, қажет болған жағдайда көмек көрсетпек болады.
Белгілі болғандай, жүргізуші Алматы қаласына азық-түлік тасымалдаумен айналысатын, жанында көмекші серіктесі жоқ Шымкент қаласының тұрғыны болып шықты. Оның айтуынша, жолда көлігінің дөңгелегі жарылып, оны өздігінен ауыстыра алмапты. Осыған байланысты жолдағы көліктерді тоқтатпақ болған әрекетінен ештеңе шықпаған. Полицейлер өз көмегін ұсынып, оған жүргізуші қуана келіскен.