Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

«Жұмысқа орналастырып беремін»: тұрғынның ақшасын жымқырған алаяқ ұсталды

Түркістан облысының полицейлері алаяқтық жасаған күдіктілерді ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Бәйдібек АПБ-не жергілікті үш тұрғын арызданып, алаяқтың құрбаны болғандарын жеткізді. Жәбірленушілердің айтуынша, олар мессенджер арқылы шыққан хабарландыру бойынша бейтаныс адамға хабарласқан. Содан оның «Ақтау қаласына вахталық жұмысқа орналастырып беремін» деген жарнамасына сеніп, әрқайсысы 40-50 мың теңгеден ақша берген. Алайда алты айдан бері уәде етілген жұмыста, ақша да жоқ болған. Аталған жайттар СДТТБТ-не енгізіліп, ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркелді. Жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі 150 мың теңгеге жуықтады.

Бәйдібек аудандық полиция бөлімінің полицейлері жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізіп, күдікті ретінде жергілікті тұрғын, жұмыссыз әйелді ұстады. Қазіргі таңда полицейлер оқиғаның мән-жайын толық тексеріп, күдіктінің басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығын анықтау үстінде.

Тәртіп сақшылары Жетісай ауданында да осындай кезекті алаяқтықтың жолын кесті. Бұл жолы Жетісай АПБ-не жергілікті тұрғын әйел арызданады. Оның айтуынша, таныс емес әйел алдап, торға түсірген. Яғни, «мемлекеттік бағдарлама арқылы бір реттік көмек алып беремін» және «базардан сауда орнын алып беремін» деп 1,5 миллионға жуық теңгесін алып кеткен. Осы жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркелді.

Жетісай ауданының полицейлері тұрғынды алдап, ақшасын алып кеткен алаяқты қолға түсіріп, қылмысты ашу мақсатында жедел-іздестіру шараларын жүргізді. Қажетті деп танылған барлық іс-шараларды жүзеге асырды. Нәтижесінде полицейлер күдіктіні ұстады. Ол жұмыссыз, жергілікті тұрғын екені анықталды. Тергеу барысында күдіктінің тағы осындай 15 жайтқа қатысы бары белгілі болды. Жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі төрт миллионға жуық теңгені құрады. Күдікті қамауда.

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтарға сақ болуды, жақын таныс емес азаматтарға сенбеуді, яғни, жұмысқа орналастырып беремін, несие болмаса басқа да әлеуметтік және материалдық көмектер алуға көмектесемін деушілерге сенбеңіздер деп кеңес береді. Егер, сіз алаяқтықтықтың құрбаны болсаңыз, тез арада полицияның «102» телефонына хабарласыңыздар.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру