«Жұмысқа тұрғызып беремін»: Алаяққа сенген түркістандық 100 мың теңгесінен айырылды
Түркістан полицейлері «вахталық жұмысқа тұрғызып беремін» деп, тұрғыннан ақша алған күдікті алаяқты ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бүгінде алаяқтық қылмысы кең таралуда. Ал тәртіп сақшылары аталмыш қылмыстың алдын алып, болдырмауда, алаяқтарды ұстауда, қарқынды қызмет атқарып келеді.
Мәселен, Түркістан ҚПБ-ға жергілікті тұрғын алаяқтың арбауына түсіп қалғанын айтып көрсеткен. Оның айтуынша алыс танысы егер де 100 мың теңге берсең, вахталық жұмысқа тұрғызып беремін деп уәде еткен. Содан арызданушы танысының есепшотына сұраған ақшасын салып жіберген. Алайда танысы не ақшасын бермей, не келісілген уәдесінде тұрмай ізін суытқан.
Аталған жайтты полицейлер ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркеп, шұғыл іздестіру жұмыстарын бастап кетті. Нәтижесінде тәртіп сақшылары күдіктіні жергілікті мекенжайынан ұстап басқармаға жеткізді. Ол Сауран ауданының тұрғыны болып шықты. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Түркістан облысының полицейлері алаяқтық әрекеттерді болдырмау үшін азаматтарға мұқият болуды және күмәнді қызметтерді ұсынатын бейтаныс адамдарға артық сенім білдірмеуге кеңес береді.