«Жұмысқа тұрғызып беремін»: ақтөбелікті алаяқ алдап кетті
Ақтөбелік полицейлер алаяқтықтың кезекті фактісін ашты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
15 қыркүйекте полицияға 30 жастағы жергілікті тұрғын алаяқтық фактісі туралы арызданған.
Ер адам 2020 жылдың маусымында алаяқтықтың құрбаны болғанын айтты. 25 жастағы Ақтөбе қаласының тұрғыны оны бір құрылыс ұйымына жұмысқа орналастыруға уәде беріп, 50 мың теңге сомасындағы ақшасын иемденген. Жәбірленуші ақшаны банктердің бірінің бөлімшесіне тапсырған. Алайда күдікті уәдесін орындамады.
Аталған факті бойынша полиция қызметкерлері күдіктіні ұстады. Тергеу амалдары жүргізілуде.
Ақтөбе облысы Полиция департаменті ақтөбеліктерді аса сақ болуға және алаяқтардың құрбаны болмас үшін бейтаныс адамдарға сенбеуге шақырады. Құнды заттарды немесе ақшаны бөгде адамдарға бергенде қырағылық таныту қажет.