Жұмысшы қорадағы жылқыны рұқсатсыз мініп кеткен
Түркістан облысының полицейлері жұмысқа тұрған күні «сеніп тапсырылған мүлікті талан-тараж еткен» күдіктіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бәйдібек АПБ-не жергілікті тұрғын арызданады. Ер адамның айтуынша, оның жеке мал шаруашылық қорасындағы жылқысын жұмысқа тұрғанына бір күн болған жұмысшысы рұқсатсыз мініп кеткен. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 189-бабы (Сеніп тапсырған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан таражға салу) бойынша тіркелді.
Тәртіп сақшылары хабарлама алысымен тез арада оқиға орнына шықты. Осы сәтте жәбірленуші күдіктінің соңынан қуып жетіп, өзі ұстап үлгереді. Полицейлердің анықтауынша, жәбірленуші ауызша келісім арқылы уақ малдарын бағуға жас жігітті жұмысқа алған. Содан, оны малдарына бас-көз бол деп қалдырып, өзі кешкісін үйіне барып келмекші болады. Ал, таңертең келгенінде малын сеніп тапсырған шопан үй ішіндегі қолға ілінген заттарды ұрлап алып, қорадағы жылқыны ерттеп мініп кеткені белгілі болды.
Тергеу барысында күдіктінің провациялық есепте тұратытын анықталды. Күдікті қамауға алынды. Полицейлер істің толық мән-жайын анықтап, тергеу амалдарын ҚР ҚК-нің 189-бабымен жүргізуде.
Өз кезегінде полиция қызметкерлері тұрғындарға барынша қырағы болып, өздерінің бағалы мал-мүліктерін кез келген таныс емес адамдарға сеніп тапсыруға болмайтынын ескертеді. Егер сіз ұрлықтың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, тез арада полицияның «102» нөміріне хабар беріңіздер.