Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жүргізуші куәлігінен айырылған Ақтөбе облысының тұрғыны тағы да мас күйде ұсталды

Жүргізуші куәлігінен айырылған Ақтөбе облысының тұрғыны көлікті есірткілік масаң күйде басқарған, – деп хабарлайды Polisia.kz.

12 желтоқсан күні түскі уақытта «Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу іс-шарасы барысында полиция қызметкерлері 24 жастағы Родниковка ауылы тұрғынының басқаруындағы «ВАЗ-211440» автокөлігін тоқтатты.

Белгілі болғандай, жүргізуші бұған дейін мас күйінде көлік құралын жүргізгені үшін жүргізуші куәлігінен айырылған. Алайда, оған қарамастан, ол қайтадан заңды бұзды. Жүргізуші куәлігінен айырылған ер адам тағы да есірткілік масаң күйде рөлге отырғаны үшін ҚР ҚК 346-бабы бойынша, яғни көлік құралдарын жүргізу құқығынан айырылған және алкогольдік немесе есірткілік масаң күйдегі адамның көлік құралын басқарғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

Осы баптың санкциясы бес мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салу, не сол мөлшерде түзеу жұмыстары, не бір мың екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту, не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу, не сол мерзімге бас бостандығынан айыру, көлік құралдарын басқару құқығынан өмір бойына айыру түріндегі жазаны көздейді.

Облыстық Полиция департаменті азаматтарды алкогольдік және есірткілік масаң күйде көлік құралдарын жүргізбеуді сұрайды және ескертеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру