Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жыл басынан 13 велосипед ұрлығы ашылды

Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері жыл басынан 13 велосипед ұрлығын ашты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

СҚО полицейлері тұрғындарға күн жылысымен велосипед ұрлығы санының артатынын естеріне салады. «Темір тұлпарды» қылмыстық қолсұғушылықтан сақтау үшін мына шараларды ескерген жөн: қараусыз қалған, айдап әкетуге қарсы құрылғы жоқ немесе қарапайым құлыптар және оңай қырқуға болатын жіңішке тростармен жабдықталған велосипед қаскөйлердің бірден назарына түседі. Велосипедті пәтерге немесе жертөлеге қойған дұрыс. Қажет болған жағдайда оны бейнебақылау камераларының көру аймағына қалдырып, қалың троспен матау қажет. Егер велосипедтің орындығы алынатын болса, ағытып алған жөн, бұл «оңай олжа» іздеген ұрылардың жоламауына бірден бір себеп болады.

Сәуір айында 31 жастағы петропавлдық азық-түлік алуға барып, Интернациональная көшесіндегі үйінің подъезі маңында «MSEP» велосипедін троспен байлап қойған. Кейін ол қос доңғалақты көлігінің жоғалғанын байқайды. Келтірілген шығын 48 мың теңгені құрады. Екі апта өткеннен кейін Петропавл қ. ПБ қызметкерлері басқа ұрлықты ашу бойынша жұмыс істеген болатын: белгісіз қылмыскер Ишимский көшесі бойындағы жеке меншік үйдің сарайының құлпын бұзып, сол моделдегі велосипедті қолды қылған. Бұл жолы жедел-іздестіру іс-шарасы полицейлердің «ізін суытпай» күдіктінің соңына түсуге мүмкіндік берді. Ол бұрын мүліктік қылмыстар жасағаны үшін бірнеше рет сотталған 1981 жылы туған облыс орталығының тұрғыны болып шықты. Тергеу барысында ол бұрын жасаған ұрлығын мойындады. Аталған фактілер ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы (ұрлық) 1 және 3-бөлігі бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Екі жағдайда да ұрланған велосипедтер алғаш кездескен адамдарға 10 және 11 мың теңгеге сатылып кеткен. Қазіргі уақытта ұрланғандар алынды және қажетті тергеу процедуралары аяқталғаннан кейін иелеріне қайтарылады.

«Ұрланған мүлікті арзан бағаға сатып алуға дайын кейбір адамдардың аңғалдығы, қаскөйлерді қылмыс жасауға итермелейтін маңызды фактордың бірі, – дейді СҚО ПД Криминалдық полиция басқармасының басшысы Пётр Климов. – Қылмыстық жолмен келген, қайта сатылған мүлік сатып алушыда оның сатып алғанын растайтын құжаттары болмаса, ешқандай өтемақы төленбей алынып қойылатынын атап кеткен жөн».

Жыл басынан барлығы СҚО-да 19 велосипед ұрлығы тіркелді (Петропавл қ. – 14). Оның 13-і қазіргі уақытта ашылды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру