Жыл басынан 300 жүргізуші мас күйде көлік айдады
Жыл басынан бері Түркістан облысында мас халде көлік тізгіндеген 300-ден астам жүргізуші анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысы Полиция департаментінің қызметкерлері жол-көлік апаттарының алдын алу мен жолда жүру ережелерін өрескел бұзушыларды анықтау мақсатында тұрақты түрде рейдтік іс-шараларды өткізіп келеді. Осындай рейдтерге күн-түн демей шыққан патрульдік полиция қызметкерлері жыл басынан бері мас халде көлік басқарған 322 жүргізушіні ұстады.
Заңбұзушыларға ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы «Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру» бойынша хаттамалар толтырылған. Оның ішінде 276- азамат әкімшілік қамауға алынған. 303 жүргізуші көлік басқару құқығынан айырылған.
Айта кетейік, 2020 жылдың 11 қаңтарынан бастап Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мас халде көлік жүргізген жүргізушілерге байланысты талаптарды қатаңдатқан болатын. Яғни бұл заңнамада көлік жүргізуші мас халде автокөлік басқарған жағдайда оны жеті жылға жүргізуші куәлігінен айыру және 15 тәулікке қамауға алу шарасы көзделген. Оған қоса айта кетер жайт, мас күйінде көлік жүргізгендер 10 жол-көлік оқиғасына себепші болып, салдарынан 1 адам қайтыс болып, 15 адам жарақат алған. Биылдан бастап мұндай қылмыстарды жазалайтын қылмыстық нормалардың санкциялары қатаңдатылып отыр. Енді тұрғындардың денсаулығына зиян келтірілсе, мас жүргізуші бес жылға дейін бас бостандығынан және 10 жылға көлік құралын жүргізу құқығынан айырылады, ал қайтыс болған жағдайда 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына тартылады.
– Тұрғындарға жиі жол апатын тудыратын жайттарды айтып өтсек, себебі көлікке отырғанда барынша осы олқылықтарға жол бермеңіз, олар: жылдамдықты асыру, маневр жасау ережесін бұзу, көше қиылыстарын дұрыс өтпеу, қарсы бағытқа шығу. Жаяу жүргіншілер мен жолаушылардың да жолда жүру ережесін бұзуы — жол-көлік оқиғасына әкеп соғады. Сондықтан жолда жүргенде жол ережесін сақтау көлік жүргізушісіне де, жолаушыға да, жаяу жүргіншіге де қатысты. Ең бастысы ішімдік ішіп көлік тізгіндемеңіз. Бұл өз өміріңізбен қатар, өзгеніңде өміріне қауіпті болмақ, — деп ескертеді жол сақшылары.
Сізді үйіңізде жақындарыңыз күтіп отырғанын естен шығармаңыз. Жолда абай болыңыз.