Жыл басынан бері 900 адам қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін пойыздар мен әуе рейстерінен түсірілді
Жыл басынан бері 900 адам қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін пойыздар мен әуе рейстерінен түсірілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жыл басынан бері көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері түрлі әкімшілік құқық бұзушылық жасаған 900 жолаушыны көліктен түсірді. Оның ішінде 489-ы – пойыз жолаушылары, ал 411-і – әуе рейстерінің жолаушылары.
Көп жағдайда мұндай құқық бұзушылықтар азаматтардың алкогольдік ішімдік ішуі немесе қоғамдық орындарға мас күйінде келуімен байланысты. Сондай-ақ ұсақ бұзақылық жасау, вагондарда темекі шегу және өзге де заңға қайшы әрекеттер тіркелген.
Мәселен, 2 қыркүйекте Алматы әуежайында шетел азаматы халықаралық рейске тіркелу барысында өзінің жүгінде "атом бомбасы" барын қалжың түрінде айтқан. Бұл әрекеті қоғамдық тәртіпті бұзып, жолаушылар арасында дүрбелең тудырды. Нәтижесінде шетел азаматы ұсақ бұзақылық бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 20 АЕК (78 640 теңге) мөлшерінде айыппұл төлеуге міндеттелді.
Көлік полицейлері мұндай жағдайлардың жиі кездесетінін айта отырып, әрбір жолаушы өзінің әрекеті құқықтық жауапкершілікке әкеліп соғатынын есте ұстауы керектігін ескертеді. Кез келген көліктегі жағдайды тұрақсыздандыруға немесе қорқытуға бағытталған әрекет елеулі қауіп ретінде бағаланып, заң аясында қатаң жазаланатынын еске салады.