Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жыл басынан бері Батыс Қазақстан облысында ұсақ ұрлықтың 317 фактісі тіркелген

Жыл басынан бері Батыс Қазақстан облысында ұсақ ұрлықтың 317 фактісі тіркелген, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Оның 99 пайызы құқық қорғау органдарының жедел әрі нәтижелі жұмысының арқасында ашылды. Бұл көрсеткіш тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі полиция қызметінің жоғары деңгейін көрсетеді.

Көбінесе мұндай құқық бұзушылықтар супермаркеттер мен сауда орталықтарында орын алады. Ұрлық әрекеттері бейнебақылау камераларына түсіп, тергеу жұмыстарының жеңілдеуіне ықпал етуде.

Заңнамаға сәйкес, ұсақ ұрлықтың түрлеріне мүлікті аз мөлшерде ұрлау, алаяқтық, өзгенің мүлкін иемдену немесе ысырап ету жатады. Мұндай құқық бұзушылықтарға төмендегідей жазалар қарастырылған:

80 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін айыппұл салу;

80 сағатқа дейін түзету немесе қоғамдық жұмыстарға тарту;

20 тәулікке дейін қамауға алу.

Егер ұсақ ұрлық қайталанған жағдайда, жаза күшейтіледі. Айыппұл мөлшері 200 АЕК-ке дейін өсуі мүмкін, қамау мерзімі 50 тәулікке дейін ұзарады.

Ұрланған заттардың ішінде азық-түлік, алкогольдік ішімдіктер, шоколад, сусабын сынды күнделікті тұтыну тауарлары жиі кездеседі.

Құқық қорғау органдары ұсақ ұрлықтың алдын алу мақсатында сауда нүктелерімен тығыз байланыс орнатып, заманауи бейнебақылау жүйелерін енгізуде. Сондай-ақ, халық арасында құқықтық сауаттылықты арттыру мақсатында ақпараттық науқандар ұйымдастырылуда.

Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл шаралар қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратынын ерекше атап өтеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру