Жыл басынан бері Павлодар облысында 124 жол-көлік оқиғасы тіркелді
Жыл басынан бері Павлодар облысында 124 жол-көлік оқиғасы тіркелді, онда 7 адам қаза тауып, 162 адам түрлі зақымдар алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұл туралы жол-көлік оқиғаларын тергеу мәселелері бойынша өткен брифингте Павлодар облысы ПД анықтау басқармасының бастығы Қабдылманап Әкебаев айтып берді.
– Соңғы жылдары жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі өзекті болып отыр. Автокөлік паркінің үнемі ұлғаюы басқа себептермен қатар жол-көлік оқиғаларының көбеюіне әкеледі. Ел басшылығы бұл мәселеге ерекше назар аударады. Қазақстан Республикасының Президенті министрлікке көлік құқық бұзушылықтарының тиісті профилактикасын қамтамасыз ету үшін жауапкершілік жүктеді. Осы жылдың басынан бері аймақта 124 жол-көлік оқиғасы тіркелді, онда 7 адам қаза тауып, 162 адам түрлі зақымдар алды. Жолдардағы оқиғалардың негізгі себептері жүргізушілердің де, жаяу жүргіншілердің де мінез-құлқының төмен мәдениеті және жол қозғалысы ережелерін саналы түрде бұзу-жылдамдық режимін сақтамау, келе жатқан жолаққа шығу болып қала береді. Ағымдағы жылы кәмелетке толмағандардың қатысуымен 28 жол-көлік оқиғасы тіркелді, онда 32 адам жарақат алды, –деп атап өтті спикер.
Сондай-ақ спикер қылмыстық істерді тергеуге қысқаша тоқталды. Қабдылманап Әкебаевтың ақпараты бойынша 2024 жылдың 1 тоқсанында облыс полиция департаментінің іс жүргізуінде жол-көлік оқиғаларына байланысты 102 қылмыстық іс болған. Оның ішінде ағымдағы жылы 32 іс тіркеліп, 23 қылмыстық іс сотқа жолданды.
Сындарлы диалог барысында журналистер өңірдегі жол-көлік жағдайы туралы сұрақтар қойып, оларға толық жауаптар алды. Кездесу соңында спикер жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің назарын жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, әсіресе жылдамдық режимін, қашықтықты сақтауға аударды. Сондай-ақ балалар оқу орындарының, жаяу жүргіншілер өткелдерінің және қоғамдық көлік аялдамаларының жанында барынша мұқият болу керектігін ескертті.