Павлодар облысында қауіпсіздік белдігін тақпаған 7,5 мыңға жуық жүргізуші жауапқа тартылды
Жыл басынан бері Павлодар облысында қауіпсіздік белдігін тақпаған 7,5 мыңға жуық жүргізуші жауапқа тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Көлік жүргізу кезінде қауіпсіздік белдігін тағудың маңыздылығын әркім жақсы біледі. Дегенмен, барлық ережелер мен айыппұлдарға қарамастан, қауіпсіздік белдігін тағу әдеті әлі де толық қалыптаспаған: жүргізушілер мен жолаушылар арасында бұл талапқа немқұрайлы қарайтындар бар.
Жыл басынан бері Павлодар облысының полициясы қауіпсіздік белдігін тақпаған 7,5 мыңға жуық жүргізушіні жауапкершілікке тартты.
– Мысалы Павлодар қаласында Лермонтов көшесінде патрульдеу кезінде полиция қызметкерлері «Тойота» автокөлігін тоқтатты, оның жүргізушісі қауіпсіздік белдігін тақпаған еді. Осы бұзушылық үшін ер адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды, – деп мәлімдеді Павлодар облысы ПД баспасөз қызметі.
Статистика бойынша қауіпсіздік белдігін пайдалану жол-көлік апаттарының 70%-ында жарақат алудан сақтайды. Полиция азаматтарды жол ережелерін қатаң сақтауға, жолда сергек әрі мұқият болуға шақырады.