Жыл басынан бері СҚО-да есірткі контрабандасының 8 дерегінің жолы кесілді
Жыл басынан бері СҚО-да есірткі контрабандасының 8 дерегінің жолы кесілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Солтүстік Қазақстан облысы Ресей Федерациясының Қорған, Омбы және Түмен облыстарымен шектеседі. Бұл шекаралық аймақ құқықтық тәртіпке ерекше назар аударуды, сондай-ақ трансұлттық қылмыс түрлеріне қарсы күресте жедел ақпарат алмасуды талап етеді. Шекаралық ынтымақтастықтың негізгі бағыттарының бірі – есірткі заттарының заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл.
Биылғы жылы Петропавл қаласында құқық қорғау органдары шекара арқылы өткізілмек болған 25 литр прекурсорды тәркіледі. Сонымен қатар шекаралық және ведомствоаралық өзара іс-қимыл нәтижесінде жыл басынан бері есірткі заттарын контрабандалаудың 8 фактісі анықталып, жолы кесілді. Тәркіленгендер арасында 11 грамм синтетикалық психотроптық заттар бар.
Шекаралық ынтымақтастық жөніндегі жоспарлардың іске асырылуы Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті басшылығының тұрақты бақылауында.
