Жыл басынан бері түрлі әкімшілік құқық бұзушылықтар жасаған 142 жолаушы әуе рейстерінен түсірілді
Жыл басынан бері 142 жолаушы түрлі әкімшілік құқық бұзушылықтар жасағаны үшін әуе рейстерінен түсірілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жыл басынан бері көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері әуе рейстерінде болған түрлі құқық бұзушылықтар үшін 142 адамды анықтап, жауапқа тартты. Ең жиі кездесетін құқық бұзушылықтар арасында – ішімдік ішу және қоғамдық орындарға масаң күйінде келу (83 дерек), ұшақта темекі шегу (40 дерек), ұсақ бұзақылық (12 дерек) және басқа да әуе кемесінде орын алған тәртіп бұзушылықтар.
Соңғы оқиғалардың бірі Ақтөбе қаласының 24 жастағы тұрғынына қатысты болды. Алматы - Ақтөбе рейсі ұшып келгеннен кейін Ақтөбе қаласы әуежайындағы желілік полиция бөлімшесінің қызметкерлері ұшақтың дәретханасында электронды темекі шеккен әйелді анықтап, ұстады.
Құқық бұзушыға қатысты әуе кемесінің бортында темекі бұйымдарын тұтыну фактісі бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, 50 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.
Көліктегі полиция департаменті ұшақта темекі шегудің қауіпсіздікке үлкен қатер тудыратынын ескертеді. Темекінің ұшқыны тез тұтанатын материалдарды өртеп жіберуі мүмкін, ал түтіні болса жолаушылар мен экипаж мүшелерінің денсаулығына зиян келтіреді.