Жыл басынан Петропавлдың патрульдік полицейлері 116 қылмысты «ізін суытпай» ашты
Жыл басынан Петропавлдың патрульдік полицейлері 116 қылмысты «ізін суытпай» ашты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Петропавл қалалық ПБ патрульдік полиция батальонының жеке құрамында— 176 қызметкер бар. Бұл халықпен 24/7 режимінде тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейтін қызметтердің бірі. Жол қозғалысы қауіпсіздігінен бөлек, патрульдік полицейлер қоғамдық орындардағы құқықтық тәртіпті қамтамасыз етеді, халықтың шақыртуларына ден қояды, оқиға орнына алғашқылардың бірі болып жетеді, қылмыстарды «ізін суытпай» ашуға жәрдемдеседі.
9 қазанда патрульдік полицейлер бұзақылық туралы шақыруға келді. Белгісіз қылмыскер Абай көшесіндегі үйдің ауласында қала тұрғынына дене жарақатын келтірген. Жедел басқару орталығы бейнебақылау инспекторларының көмегімен күдікті көп ұзамай ұсталды. Мұндай жағдайлар жиі кездеседі. Жыл басынан ППБ қызметкерлері «ізін суытпай» 116 қылмысты ашты, тағы 441 қылмыс олардың тікелей қатысуымен беті ашылды.
– Тоғыз айда қоғамдық орындарда жасалған 502 қылмыс тіркелді. Қылмыстардың басым бөлігі сауда нысандарының аумағында орын алады — 132 факті. Қылмыстардың тағы бір жиі жасалатын жері үйлердің подъездері болып табылады — 9 айда 83 қылмыс орын алған. Жедел жағдайды күнделікті талдау негізінде азаматтар үшін қауіптілігі аса жоғары аймаққа жасақтарды барынша жақындатып, оларды қайта орналастыру жүргізіледі, — деп хабарлайды Петропавл қаласының ПБ ППБ командирі Қанат Әлімжанов.
Патрульдік полицияны заманауи жарақтандыру жұмыс тиімділігін айтарлықтай арттырады. Әкімшілік іс жүргізудің бірыңғай тізілімі базасына қосылған планшеттерді пайдалану хаттамаларды толтыру уақытын қысқартады. Бейнетіркеу құқық бұзушылықтарды тіркеудің сенімді құралы болып табылады. Төске тағатын бейнежетондардың және патрульдік машиналардағы камералардың көмегімен жыл басынан 17 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Жол жүрісі ережесін өрескел бұзушылықтардың жолын кесуге ерекше көңіл бөлінеді.
Мысалға, 242 мас жүргізуші ұсталды, 128 автокөлік жүргізушісі қозғалыстың қарсы бағытына шығуға жол берген, 585 жүргізуші жаяу жүргіншілерге басымдылық бермеген. Өткізіліп жатқан жұмыс жол қауіпсіздігіне оң әсерін тигізуде. Жыл басынан қалада ауыр салдарымен 58 ЖКО орын алды, бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 10 фактіге төмен.
«Халыққа жақын полиция» қағидатын іске асыру аясында батальон қызметкерлері кезекшілікке түскен кезде азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау бойынша уақтылы ден қоюға және жедел шешім қабылдауға тапсырма алады.