Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жыл басынан СҚО полицейлері 42 интернет-алаяқтықты ашты

Жыл басынан Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері 42 интернет-алаяқтықты ашты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Карантин кезеңінде адамдар тауарларды, сондай-ақ қызметтерді қашықтан алуға тырысады. Кей кездері интернет-алаяқтардың құрбандарына да айналып жатады. «Instagram» желісінде орналастырылған хабарландырулардың бірінде Петропавл қаласының тұрғынын тауарды жою мен үлкен жеңілдіктер деген сөздер қызықтырады. Бойжеткен тонды таңдап, 85 мың теңге көлемінде алдын ала төлем жасауға келіседі. Осыдан кейін сатушымен арадағы байланыс үзілген. Енді қаскөйді полиция іздестіруде. Тәртіп сақшылары нәзік жандыға алдын ала төлем талап ету – интернет алаяқтардың кеңінен қолданатын айласы екендігін түсіндірді.

Полицейлер адамдарды алаяқтардың амал-тәсілдері туралы ескерту үшін түрлі мүмкіндіктерді қолданады. Осы жолы еріктілер тартылды.

СҚО еріктілер қозғалысы көшбасшыларының бірі Евгений Соловьёв интернет-қауіпсіздік мәселелері маңызды проблемаға айналды деген ойда: – Қазір 21 ғасырда адамдар тауарды Интернет арқылы сатып алады, әсіресе пандемия кезінде сатып алу жиіледі. Қаскөйлердің көбі жағдайды пайдаланып, заңсыз олжа түсіруге ұмтылып жатқанын еске салғым келеді, – деді ол.

Тәртіп сақшыларымен бірге еріктілер Петропавлдың орталық көшелеріне шығып, жадынамалар таратты, түсіндіру жұмысын жүргізді.

– Бүгінгі таңда СҚО тұрғындары алданған интернет-алаяқтық үш әдістің бірі бойынша жүзеге асырылған, – деп атап өтті СҚО ПД Криминалдық полиция басқармасы аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Виталий Подчернин. – Бұл алдын ала төлемді талап ету, біреудің атына шағын несие ресімдеу немесе банк шотына қол жеткізу үшін банктенбіз деп қоңырау шалу. Қашықтан тауар сатып алған кезде тауардың бейне шолуын талап еткен жөн. Әдетте алаяқтар бөтен суреттерді пайдаланады және аталған өтінішті орындай алмайды. Жеке құжаттарды немесе құжаттардың көшірмелерін қолға түсірген қаскөйлер шағын несие ресімдейді. Көп жағдайда бұл жәбірленушілердің таныстары болып жатады, олар карталарына ақша түсетінін алға тартып, белгілі бір себептермен карталарын пайдалана алмайтындарынан, жәбірленушіден оның картасының нөмірін айтып жіберуді өтінеді. Жәбірленушілер келіп түскен ақшаның ресімделген шағын несие екенін білмей, алаяқтарға түскен ақшаны беріп жібереді.

Алаяқтықтың үшінші әдісі – құрбанына банктенбіз деп қоңырау шалып, біреудің оның шотына бұзып кіргендігін хабарлау. Кейін қылмыскерлер смс арқылы келетін кодты айтуын сұрайды. Шын мәнінде бұл бір реттік пароль, ол алаяқтарға шотқа қол жеткізуге мүмкіндік береді. Мұндайда абыржымау керек. Банк қызметкерлерінің жеке және қаржы туралы ақпаратты талап етпейтінін есте сақтаған жөн. Сол сәтте банк бөлімшесіне не call-орталығына жүгінген дұрыс. Егер сіз интернет-алаяқтардың арбауына түсіп қалсаңыз, тез арада полицияға жүгініңіз.

Жыл басынан СҚО полицейлері 42 интернет-алаяқтықты ашты.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру