Жыл басынан бері СҚО полицейлері 7,5 мың қаңғыбас малды арнайы қораларға орналастырды
Жыл басынан бері СҚО полицейлері 7,5 мың қаңғыбас малды арнайы қораларға орналастырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Малдың еркін жайылуы – мал ұрлаушыларға қолайлы жағдай жасайтын негізгі фактор. Осы себепті еркін жайылымның алдын алу ауылдық жерлердегі учаскелік полиция инспекторларының жұмысындағы маңызды бағыттардың бірі саналады. Қаңғыбас мал анықталған жағдайда полиция қызметкерлері оларды иелерін тапқанға дейін арнайы қораларға орналастырады. Солтүстік Қазақстан облысында жергілікті атқарушы органдардың көмегімен осындай арнайы 230 қора жабдықталған. Жыл басынан бері СҚО полицейлері еркін жайылым фактілері бойынша барлығы 1533 хаттама толтырды. Арнайы қораларға 7527 бас қаңғыбас мал орналастырылды.
– Сондай-ақ учаскелік полиция инспекторлары да ауылшарушылық жануарларының иелерімен түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Себебі, қараусыз қалған мал тек барымташылардың оңай олжасына айналып қана қоймай, жол бойына шығып кеткен жағдайда жол-көлік апатына себеп болуы да мүмкін. Қаңғыбас мал егістік алқабына шығып кеткен жағдайда бөлек әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Учаскелік полиция инспекторлары ауыл тұрғындарын жергілікті атқарушы органдар мен бақташылар арасында үш жақты келісімшарт жасасуға кеңес береді, – дейді СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.
Тәртіп сақшылары атап өткендей, өткізіліп жатқан жұмыстардың басты мақсаты – мүлік пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Қаңғыбас малдың жүруіне тыйым салынғаннан бері СҚО аумағында мал ұрлығының саны едәуір азайған. Ағымдағы жылы мал ұрлығының 8 фактісі тіркеліп, біреуі бойынша іс сотқа жіберілген, қалғандары бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.