Жылдам қимылдайтын жасақ қызметкері чемпиондарды тәрбиелеуде
Шымкент қаласы Полиция департаменті Жылдам қимылдайтын арнайы жасағының взвод командирі Нұрлан Нұрсеитов қызмет бабында ғана емес, спортта да үздік нәтиже көрсетіп жүр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ол құқық қорғау саласына да спортқа деген ынта-ықыласының нәтижесінде ат басын бұру туралы шешім қабылдаған. Бозбала кездегі қызығушылық уақыт өте келе оның кәсіби спортшы болып шыңдалуына септігін тигізген.
2000 жылдардан бастап аймақтық, республикалық сондай-ақ халықаралық додаларда топ жарған Нұрлан Жұмаханұлы бүгінде ізбасарлар тәрбиелеп, ұстаздық етіп келеді.
– Боксқа 2000 жылдары келдім. Қазақстанның екі дүркін күміс жүлдегері, үш дүркін қола жүлдегерімін. Универсиада чемпионатының чемпионымын. Сондай-ақ әскерилер арасындағы қоян-қолтық ұрыстан төрт дүркін және самбодан бір дүркін Қазақстан чемпионымын. Жалпы 20 жыл ішінде бірқатар жүлделі орындарды иемденіп, ел абыройын асқақтату үшін тер төгіп келемін, – дейді Нұрлан Нұрсеитов.
Халық даналығына сусындап өскен азамат өзінің мол тәжірибесін ізбасарларына үйретіп, шәкірт тәрбиелеуден жалыққан емес. Мәселен, Шымкент қаласы Полиция департаментінің қамқорлығына алынған №4 балалар үйінде ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға екі жылдан бері шеберлік сағаттарын ұйымдастырып, жастарды спортқа баулиды. Нәтижесінде жасөспірімдер спорт додаларында топ жарып, жарыстарда биіктен көрініп келеді.
– Бапкерлікті әрі қарай дамытып, жас буынның қалыптасуына ықпал ету басты мақсатым, – дейді ол.
Тәуліктің кез-келген уақытында тосын жағдайларға даяр болуды талап ететін қызметтегі жауапкершіліктен өзге, ұстаздық етуді қатар алып жүрген Нұрлан Жұмаханұлы сала қызметкерлеріне үлгі әрі ел мақтанышы десек артық болмас.