Жылдамдық режимін 17 рет бұзған қызылордалық жүргізуші жауапқа тартылды
Қызылордада жылдамдық режимін 17 рет бұзған жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда қаласында "Қауіпсіз жол" жедел-профилактикалық шарасы аясында жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған жүргізуші анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Қазіргі таңда қала аумағында "Қорғау" жол қозғалысын бақылау жүйесі тиімді жұмыс істеуде. Бұл жүйенің көмегімен полиция қызметкерлері қылмыс жасаған, іздеуде жүрген азаматтарды, сақтандыру полисі жоқ көлік құралдарын, айыппұл төлеуден жалтарған жүргізушілерді және шетелдік автокөліктерді анықтайды. Сондай-ақ "Қорғау" жүйесі полиция қызметкерлерінің көліктерді іздестіру жұмысын жеңілдетіп, құқық бұзушыларды жедел ұстауға мүмкіндік береді.
19 ақпанда осы жүйенің көмегімен қала аумағында орнатылған стационарлы жылдамдық өлшегіш құрылғылар арқылы ҚР әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 592-бабының 1 және 2-бөліктері бойынша жылдамдық режимін 17 мәрте бұзған көлік жүргізушісі анықталды. Сонымен қатар ол әкімшілік айыппұлдарды төлеуден жалтарып жүргені белгілі болды.
Жүргізушіні тексеру барысында оның көлік құралын тиісті құжаттарсыз басқарғаны анықталды. Осыған байланысты ҚР ӘҚБтК-нің 230-бабының 2-бөлігіне сәйкес әкімшілік хаттама толтырылып, көлік айып тұрағына қойылды.
Қызылорда облысы полиция департаменті жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, барлық құжаттарын уақтылы рәсімдеуге және айыппұлдарды дер кезінде төлеуге шақырады.