Жылыойда тұрғындардың жоғалған 40-қа жуық ірі қара малы табылды
Жылыойда тұрғындардың жоғалған 40-қа жуық ірі қара малы табылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
23 ақпан күні Жылыой ауданында боранды ауа-райы салдарынан 70 бас сиырын жоғалтқан Майкөмген елдімекенінің тұрғындары полиция қызметкерлеріне арыздарын қалдырған. Өз күшімен іздестірмек болғанымен одан ешқандай нәтиже шықпаған соң сақшылардың көмегіне жүгінген. Іздестіру жұмыстарын 12 күн жүргізген Жылыой ауданы ПБ-нің учаскелік полиция инспекторы полиция капитаны Жайық Қойбасов жоғалған малдарды ауылдан 180 км қашықтықтағы Маңғыстау облысы Қаракиіз тауының жиегінен тауып әкеліп, қожайындарына тапсырды. Ауа-райының қолайсыздығы салдарынан іздеу жұмыстары біршама қиындық туғызған көрінеді.
Алайда полиция қызметкерінің қырағылығының арқасында мүйізді ірі қаралар аман-есен табылды.
Тәртіп сақшыларының жұмыстарына риза болған мал иелері қызметкерлердің қиын да жауапты істеріне өз алғысын жеткізіп, ризашылығын бейнежазба арқылы білдірді.
Табылмаған шамамен 30-ға жуық сиырды іздестіру әлі де жалғасады. Полицейлер өз кезегінде тұрғындар назарына төрт-түлігін қараусыз қалдырмауды ескертеді!