"Зорлық-зомбылықсыз отбасы": Павлодарда полиция мектеп оқушыларымен кездесті
Павлодар ауданында полиция қызметкерлері "Зорлық-зомбылықсыз отбасы" акциясы аясында колледж студенттерімен және мектеп оқушыларымен бірқатар кездесу өткізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шараның негізгі мақсаты – отбасына деген оң көзқарасты қалыптастыру, зорлық-зомбылықтың зиянды салдарын көрсету, оның түрлерімен таныстыру және қиын жағдайдан шығудың дұрыс жолдарын түсіндіру. Кездесулер сұрақ-жауап форматында ұйымдастырылып, полиция қызметкерлері жасөспірімдермен бірге пікір алмасып, нәзік тақырыптарды ашық әрі достық жағдайда талқылауға мүмкіндік жасады.
Мысалы оқушыларға: "Қандай әрекеттерді зорлық-зомбылық деп атауға болады?", "Зорлық-зомбылық жасайтын адамдарды қалай сипаттауға болады?", "Отбасылық зорлық-зомбылық неден туындайды және оның алдын алу жолдары қандай?" деген сияқты сауалдар қойылды. Жасөспірімдер қойылған сұрақтарға белсенді жауап беріп, түрлі жағдайларды талқылады.
Әңгіме барысында тәртіп сақшылары жанжалдың алдын алу тәсілдерін түсіндіріп, үйде, мектепте немесе көшеде кез келген даулы жағдайда сабыр сақтап, өзара сыйластыққа негізделген қарым-қатынасты дамытуға шақырды. Сондай-ақ оқушыларға өзін мұғалімнің немесе ата-ананың орнына қоя білу – талаптарды түсінуге, өзгеге құрметпен қарауға көмектесетінін атап өтті.
Сонымен қатар кездесуде 16 қыркүйектен бастап күшіне енген ҚР ҚК-нің 232-1-бабы бойынша дропперлікке мәжбүрлеуге қатысты қылмыстық заңнамадағы жаңа өзгерістер түсіндірілді. Полиция қызметкерлері делдал ретінде қылмыстық схемаларға қатысудың қауіптілігіне тоқталып, студенттер мен жоғары сынып оқушыларына алаяқтардың арбауына түспеу жолдарын түсіндірді. "Сыйақы үшін көмектесуге" келісудің қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін екенін нақты мысалдар мен бейнематериалдар арқылы көрсетті.