СҚО полицейлері жыл басынан бері із-түссіз жоғалған 474 адамды іздеп тапты
СҚО полицейлері жыл басынан бері із-түссіз жоғалған 474 адамды іздеп тапты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша ауданында полиция қызметкерлері мен жергілікті тұрғындар 47 жастағы ауыл тұрғынын бірнеше күн бойы іздеді. Ол жалғызбасты, телефоны жоқ. Барлығын аяқ астынан келген аяз алаңдатты. Жедел уәкілдер мен учаскелік полиция инспекторлары кең ауқымды іздеу шараларын қолға алды. Жергілікті атқарушы органдардың көмегімен іздеу жұмыстарына салт атты жергілікті тұрғындар қосылды.
Қуанышқа орай, әлде біреулердің ер адамды шалғай орналасқан ауылдарда көргені туралы ақпарат пайда болған. Іздестіру аумағын кеңейтудің арқасында жоғалған ауылдық Ақмола облысынан табылды. Анықталғандай, ол туыстарына айтпай, нәпақа табу мақсатымен кетіп қалыпты.
– Мұндай оқиғалар жиі кездеседі. Жоспарларыңыз туралы жақындарыңыз бен туыстарыңызға ескертіңіздер. Байланыс құралдарын да өзіңізбен алып жүруді ұмытпаңыздар. Облыста 11 айда полиция қызметкерлері із-түссіз жоғалғандар туралы 479 арызды қабылдады. Іздеу шаралары барлық қолда бар күштермен тәуліктің кез келген уақытында жүргізіледі. Бұған еріктілер де белсенді қатысады. Жоғалғандардың көпшілігі кезекші тәулікте табылды. Тек 28 адамға қатысты іздестіру ісі қозғалды. Бүгінде 23 адамның жүрген жері анықталды, – дейді СҚО ПД Криминалдық полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Мадияр Харипов.