Солтүстікқазақстандық полицей кикбоксингтен Азия чемпионы атанды
Солтүстікқазақстандық полицей кикбоксингтен Азия чемпионы атанды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаментінің қызметкері Нұрсұлтан Жақыпов Тайланд астанасы Бангкок қаласында кикбоксингтен өткен дүбірлі додадан Азия чемпионы атанды. Чемпионатқа 22 елден 379 спортшы қатысты. 29 жастағы полиция қызметкері Нұрсұлтан Жақыпов құрама команда сапында өнер көрсетіп, Қазақстан намысын қорғады. Ол 3 кездесу өткізген.
Нұрсұлтанның айтуынша, финалға жолдама үшін ирандық спортшымен жұдырықтасқан. Бұл – кездесулердің ішіндегі ең қиыны болған. Ал жарыстың шешуші кездесуінде үндістандық спортшымен қолғап түйістірген. Алғашқы раундта қарсыласын екі рет нокдаунға түсірген, екінші раундты денеге ұру әдісімен жеңіспен аяқтаған. Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте де 21 алтын медальға қол жеткізіп, бірінші орынды иеленді.
Тайландта еліміздің, өңірдің намысын абыроймен қорғап, жеңіспен оралған спортшыны СҚО ПД бастығы полиция полковнигі Айдын Қабдұлдинов құттықтап, жаңа спорттық жетістіктерге жетуін тіледі.
– Полицей Нұрсұлтан Жақыповтың 2014 жылы Венгрияда кикбоксингтен өткен жарыста жеңіп алған әлем чемпионы атағы бар. СҚО Полиция департаментінің басшылығы қызметкерлердің спорттық додаларға белсенді қатысуына үнемі қолдау білдіреді. Бұл – қызметкерлерді өзін-өзі жетілдіруге ынталандырады, салауатты өмір салтын насихаттауға, полиция қызметкерлерінің заңдылық пен құқықтық тәртіпті сақтаудағы қиын қызметінде мықты дене дайындығын ұстап тұруға ықпал етеді, – дейді СҚО ПД Арнайы және жұмылдыру даярлығы басқармасының бастығы Жанат Сағденов.