Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Тіл — татулық тірегі

5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күніне орай қызметкерлер арасында мақал-мәтелдерді жалғастыру челленджі ұйымдастырылды, — деп хабарлайды Polisia.kz.

5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күні. Аталған мереке еліміздегі тілдердің алуан түрлілігін құрметтеуге, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға, сондай-ақ қоғамдағы бірлік пен өзара түсіністікті нығайтуға бағытталған маңызды күндердің бірі.

Осыған орай Жамбыл облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің қызметкерлері арасында қазақ халқының рухани мұрасы мен ұлттық құндылықтарын дәріптеуге бағытталған “Тіл – татулық тірегі” атты мақал-мәтелдерді жалғастыру челленджі ұйымдастырылды.

Іс-шара барысында қызметкерлер қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан даналығының көрінісі саналатын мақал-мәтелдердің жалғасын тауып, өздерінің тілдік білімдері мен сөздік қорларын сынады. Челлендждің ерекшелігі – бір қызметкер мақал-мәтелдің бастапқы бөлігін айтып, келесі қызметкер оның жалғасын табу арқылы эстафетаны жалғастырды.

Қазақ халқының мақал-мәтелдері – ұрпақтан-ұрпаққа жеткен асыл мұра, халықтың өмірлік тәжірибесі мен дүниетанымын, тәлім-тәрбиесі мен ұлттық болмысын бойына жинақтаған рухани қазына. “Өнер алды – қызыл тіл”, “Бірлік бар жерде – тірлік бар”, “Тіл тас жарады, тас жармаса бас жарады” сынды қанатты сөздер халқымыздың тілге деген құрметін айқын көрсетеді.

Мұндай іс-шаралар қызметкерлердің мемлекеттік тілге деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, қазақ тілінің байлығын, көркемдігі мен тәрбиелік мәнін кеңінен насихаттауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар тіл – адамдарды бір-бірімен байланыстыратын қарым-қатынас құралы ғана емес, ол – халықтың тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін сақтайтын рухани құндылық. Мемлекеттік тілді құрметтеу және оның қолданыс аясын кеңейту – әрбір азаматтың ортақ міндеті.

“Тіл – татулық тірегі” челленджі аясындағы шараның негізгі мақсаты – қызметкерлер арасында тіл мәдениетін қалыптастыру, қазақ халқының ұлттық мұрасын насихаттау, мемлекеттік тілге деген құрметті арттыру және ел бірлігін нығайту.

Қазақстан халқы тілдері күні – еліміздегі барша этнос өкілдерінің тілдері мен мәдениеттеріне құрмет көрсетіп, татулық пен өзара түсіністікті дәріптейтін мереке.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру