Түркістан облысында шекарадан есірткі алып өтпек болған шетелдіктер ұсталды
Түркістан облысында полиция қызметкерлері иісшіл иттердің көмегімен шекарадан есірткі алып өтпек болған күдіктілерді ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сарыағаш аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері есірткі заттарын заңсыз сақтау мен контрабандаға қатысы бар екі шетелдік азаматты анықтады. Мадрит және Жайма атты қызметтік иттер тәртіп сақшыларына күдіктілерден гашиш есірткісін анықтауға көмектесті.
Мәселен, полиция бөліміне Жібек жолы шекара бекетінен есірткі тасымалдады деген күдікпен шетелдікті ұстау туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына келген полицейлер бақылап-өткізу пункті арқылы өтіп бара жатқан сезікті ер адамға қызметтік ит белгі бергенін анықтады. Аталмыш Өзбекстан азаматын тінту кезінде одан құрамында есірткі заты бар полиэтилен пакет табылды. Полицейлер тәркіленген заттай дәлелдемені сараптамаға жіберді. Қорытындыға сәйкес, ол жалпы салмағы 3 грамнан асатын гашиш есірткісі болып шықты.
Осы күні тағы бір шетелдікке Мадрит атты қызметтік ит тыйым салынған заттар үшін белгі береді. Тексеру кезінде тәртіп сақшылары Тәжікстан азаматының аяқ киімінен есірткі заты бар қағаз орамасын тауып, тәркілеп алды. Сараптама қорытындысына сәйкес, бұл орамадағы зат гашиш есірткісі болып шықты. Күдіктіні тәртіп сақшылары аудандық полиция бөліміне жеткізді.
Аталған екі жайт ҚР ҚК-нің 296-бабы (Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу) бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.