Петропавл полицейлері бір күнде 200-ден астам отбасын тексерді
Петропавл полицейлері бір күнде 200-ден астам отбасын тексерді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полицейлер тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және криминогендік жағдайды төмендету мақсатында 12 қаңтарда республика аумағында бастау алған «Тұрмыс» жедел-профилактикалық алу іс-шарасы шеңберінде жұмыс істеп жатыр. Петропавлда 70-тен астам полиция қызметкері мекенжайларды аралап, құқық бұзушылықтар тіркелген отбасыларды тексереді.
Жұмысшы кентінде тексерілген отбасылардың бірінде төрт бала тәрбиеленеді. Бұл ұйдің отағасы өткен жылдың соңында тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағаны үшін жауапкершілікке тартылған. Ол кезде оған қатысты қорғау ұйғарымы шығарылған. Жуырда ер адам оның талабын бұзып, 5 күндік әкімшілік қамауға алынды. Отбасыға барған кезде сақшылар оның әйелінің мас күйде жүргенін байқады. Бұл жолы ювеналдық полицейлердің араласуына тура келді. Әйел ата-аналық міндеттерін орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылды.
– Жедел-профилактикалық іс-шараны өткізуге учаскелік инспекторлар, әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының қызметкерлері, ювеналдық полицейлер жұмылдырылды. Басты назарда – жанжалқорлар, маскүнемдер, тұрмысы қолайсыз отбасылар және есепте тұрған басқа да санаттар. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жасалуына көбінесе алкогольдік ішімдіктерді ішу себеп болып жатады. Полицейлер барған теміржол вокзалы ауданындағы мекенжайлардың бірінде екі баласы бар жас отбасы тұрады. Ата-аналардың екеуі де ішімдікке әуес. Өткен жылдың соңында олардан балаларды алу туралы мәселе көтерілген. Содан бері отбасыдағы үлкендер түзеліп келеді. Кезекті тексеру барысында полицейлер үйде тәртіптің орнағанына, балалардың тәрбиесіне көңіл бөлініп жатқанына, олардың тәрбиесіне жағдай жасалғанына көз жеткізді, – дейді Петропавл қаласы ПБ жергілікті полиция қызметі бөлімінің бастығы Рустам Садулов.
Іс-шараның алғашқы тәулігінде Петропавлда есепте тұрған 222 тұлға тексерілді. Жұмыс барысында полицейлер 19 құқық бұзушылықты анықтады. 13 қорғау ұйғарымы шығарылып, сотпен алты бұзушының тәртібіне ерекше талаптар қойылды. Бес жағдайда алкогольге тәуелді адамдарды мәжбүрлеп емдеуге жіберу туралы мәселе көтерілді. Тәртіп сақшыларымен бірге жедел-профилактикалық іс-шараны өткізуге қоғам белсенділері де қатысып жатыр. Олар тұрмысы қолайсыз отбасыларды анықтап, оларға материалдық, психологиялық немесе құқықтық қолдау көрсету мүмкіндігін іздейді.