Ақтөбе облысының полицейлері мыңнан астам ақбөкен мүйізін тәркіледі
Ақтөбе облысының полицейлері мыңнан астам ақбөкен мүйізін тәркіледі, – деп хабарлайды Polisia.kz.
15 қаңтарында Байғанин ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері ҰҚКД қызметкерлерімен бірлесіп, жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Байғанин ауданының Ноғайты аулынан шыққан Батыс Қазақстан облысының 30 жастағы тұрғынының басқаруындағы Ford Galaxy автокөлігін тоқтатқан. Автокөліктің салонын тексеру барысында артқы орындықтан жалпы саны 416 ақбөкен мүйізі бар 3 қап табылып, тәркіленді.
Сол күні сағат 23:30-да басқа топ ұсталды. Байғанин ауданының Қарауылкелді ауылынан шыққан БҚО-ның 35 жастағы тұрғынының басқаруындағы Toyota Crown автокөлігі тоқтатылды. Көлік ішінде екі танысы болған. Автокөліктің салонын тексеру барысында артқы орындықтан 6 қағаз қорап табылып, тәркіленді. Оның ішінде жалпы саны 643 ақбөкен мүйізі болды.
Осы фактілер бойынша ҚР ҚК-нің 339-бабы 1-1-бөлігі бойынша (Өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.