Ақтөбе облысында интернет-алаяқтық қылмысы төмендеді
Ақтөбе облысында интернет-алаяқтық деректерінің тіркелуі 20 пайыздан астамға төмендеді. Бұл туралы Ақтөбе облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Серік Шалхаров дәстүрлі брифинг барысында мәлімдеді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Оның айтуынша, интернет-алаяқтық қылмыстарын анықтау және жолын кесу бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр. Қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде осы санаттағы қылмыстарға қатысы бар 64 адам ұсталды. Олардың 20-сының қылмыстық әрекеттің 134 дерегіне қатысы бары анықталды.
Сонымен қатар қылмыстық жолмен алынған ақшаны аудару және қолма-қол ақшаға айналдыру үшін өздерінің банк шоттары мен карталарын ұсынатын дропперлерді анықтауға ерекше назар аударылуда. Өңірде 1 300-ден астам дроппер анықталды. Аталған фактілер бойынша 74 қылмыстық іс қозғалды.
Брифинг барысында Серік Шалхаров азаматтардың қырағылығының арқасында алаяқтық әрекеттердің дер кезінде анықталып, материалдық шығынның алдын алуға мүмкіндік берген жағдайларды да атап өтті.

Мәселен, биыл жазда Ақтөбе қаласының 56 жастағы тұрғынына өзін жеткізу қызметі мен банк қызметкерлері ретінде таныстырған белгісіз адамдар қоңырау шалған. Олар әйелді жалған несие рәсімдеуден қорғаймыз деп алдап, екі бөлмелі пәтерін нарықтық бағадан едәуір төмен бағаға сатуға көндірген.
Алайда жылжымайтын мүлік агенттігінің менеджері мәміледегі күмәнді жайттарға назар аударып, алаяқтық белгілерін байқаған. Ол дереу полицияға хабарлаған. Менеджердің қырағылығы мен уақытылы әрекет етуінің арқасында пәтерді сатуға жол берілмеді.
Полиция азаматтарды барлық жағдайда сақ болуға шақырады. Азаматтарға SMS арқылы келетін растау кодтарын және банк карталарының деректерін бөгде адамдарға бермеу, белгісіз шоттарға ақша аудармау, сондай-ақ жылжымайтын мүлікке қатысты ірі мәмілелер жасау кезінде асығыс шешім қабылдамау ұсынылады.
