Қостанай облысында мас күйде көлік жүргізген жүргізушілер жауапқа тартылды
Қостанай облысында мас күйде көлік жүргізген жүргізушілер жауапқа тартылды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Қостанай ауданында полиция қызметкерлері Lada Granta автокөлігін алкогольдік масаң күйде басқару дерегін анықтады.
Тексеру барысында азаматтардың бірі автокөлікті алкогольдік масаң күйде болған досына бергені белгілі болды. Нәтижесінде екі ер адам да құқық бұзушы атанды: бірі көлікті мас күйдегі адамға берген, екіншісі алкогольдік масаң күйде рөлге отырған.
Екі азаматқа да көлік құралын алкогольдік масаң күйде басқарғаны, сондай-ақ көлік құралын масаң күйдегі адамның басқаруына бергені үшін әкімшілік хаттамалар толтырылды.
Сот шешімі бойынша әрқайсысына 15 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алу және 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін.
Полиция ескертеді: алкогольдік масаң күйде көлік басқаруға, сондай-ақ алкогольдік ішімдік ішкен адамға көлік тізгінін беруге болмайды. Мұндай жауапсыздық жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді.
