СҚО-да полицейлер тұрғындарға абаттандыру ережелерін еске салды
СҚО-да полицейлер тұрғындарға абаттандыру ережелерін еске салды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Ірі көлемді қоқысты белгіленбеген жерге тастау Петропавл қаласындағы өзекті мәселелердің бірі болып отыр. 15 қазанда Бостандық көшесіндегі бейнебақылау камерасы қоқыс контейнерлерінің жанына ағаш бұтақтарының үйіп қойылғанын тіркеді.
Полицейлер құқық бұзушыны анықтады. Ол 47 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты. Ер адам көршілерімен және мүлік иелері бірлестігінің төрағасымен келісіп, терезесінің алдындағы ағаштың бұтақтарын кескенін түсіндірді. Алайда кесілген бұтақтарды арнайы орынға шығарудың орнына, қоқыс контейнерлерінің жанына апарып тастаған.
Мұндай әрекет абаттандыру ережелерін бұзу болып саналады. Қоқыс контейнерлері тек тұрмыстық қалдықтарға арналған. Ер адамға ескерту жасалып, бұтақтарды аумақтан шығару міндеттелді. Егер ол бір жыл ішінде осыған ұқсас құқық бұзушылықты қайталаса, 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынуы мүмкін.
Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында абаттандыру ережелерін бұзудың 13 мыңнан астам дерегі анықталды. Оның шамамен 5 мыңы Петропавл қаласында тіркелген.
Полицейлер "Таза Қазақстан" қағидаты елдімекендердегі тазалық пен тәртіпті сақтауды, қоршаған ортаға ұқыпты қарауды да қамтитынын еске салады. "Заң мен тәртіп" қағидаты баршаға ортақ.
