Іздеуде болған көкшетаулық тұрғын Астана маңындағы құрылыста жұмыс істеген
Іздеуде болған көкшетаулық тұрғын Астана маңындағы құрылыста жұмыс істеген, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Көкшетау полицейлері хабар-ошарсыз кеткен Данияр Ибраев орналасқан жерін Целиноград ауданы Қоянды кентінің аумағында анықтады. 33 жастағы ер адам 2023 жылдың 4 қаңтарында ата-анасымен сөзге келіп қалып, үйден кеткен, содан бері байланысын үзген. Бірінші айда туыстары Даниярдың орналасқан жерін достарынан білген, бірақ ақпан айында ол белгісіз кеткеннен кейін уайымдаған ағасы полицияға арыз жазған.
Өтініш келіп түскеннен кейін бірден криминалдық полиция қызметкерлері іздестіру ісін бастады, жоғалған адам туралы ақпарат жиналды, оның достары мен таныстарының шеңбері анықталды. Полиция қызметкерлері Данияр Ибраевтың белгілерімен бағдарларды Ақмола облысы ПД барлық аумақтық бөлімшелеріне және көрші облыстардағы әріптестеріне таратты.
Іздеу іс-шаралары барысында құқық қорғау органдары Көкшетаудан хабар-ошарсыз кеткен Д.Ибраев Қоянды ауылына келіп, құрылыс алаңында еңбек еткенін анықтады. Ақшасының болмауына байланысты ол ұялы телефонын сатуға мәжбүр болған, сөйтіп өзінің орналасқан жері туралы хабарлай алмаған.
Құқық қорғау органдары атап өткендей, азаматтардың туыстарының белгісіз бағытта жоғалып кету фактілері бойынша өтініштері мен хабарламалары күн сайын дерлік тіркеледі. Іздеудегі ең бастысы – адам жоғалғаннан кейінгі алғашқы күндер. Осы кезеңде тәртіп сақшылары куәгерлерге көбірек сенім артады, олардың арасында әріптестері, таныстары, қоғамдық көлік жүргізушілері немесе жеке көлікпен айналысатындар, яғни жоғалып кеткен күні адамды көре алған азаматтар.
Сондай-ақ, полицейлер полицияға жүгінген кезде міндетті түрде жоғалған адамның басып шығарылмаған, «жаңа суретін» алы келуге кеңес береді. Ең бастысы, қазіргі келбетіне мүмкіндігінше сәйкес келуі. Іздестіру қызметінде полиция қызметкерлері әрдайым халықтың көмегіне және еріктілер орталықтарына сүйенеді. Олар жоғалған адамдарды іздеуде айтарлықтай көмек көрсетеді. Қалада да, ауылдық жерлерде де іздеу шараларын жүргізеді. Іздеудегі адамдар туралы ақпаратты қоғамдық орындарда, әлеуметтік желілерде орналастырады, мүмкін куәгерлерден сұхбат алады. Хабар-ошарсыз кеткендер туралы арыз полицияға келіп түскеннен кейін, жедел уәкілдер түрлі есептер бойынша анықтамаларды тексеріп, аумақтық полиция бөлімдеріне және көршілес өңірлерге бағдарларды жібереді, медициналық мекемелерге сауалдар жолдайды.
Кәмелетке толмағандардың жоғалып кету фактілері ерекше резонанс тудырады. Бұл негізінен 15-17 жас аралығындағы жасөспірімдер, олар достарымен, таныстарымен уақыт өткізу үшін үйден кетіп, ойын-сауық немесе жұмыс іздеп үлкен қалаларға кетіп, телефон немесе басқа байланыс құралдарын өшіреді. Көбінесе ата-аналар іздеуді өздері жүргізеді, нәтиже болмаған соң полициядан көмек сұрайды, бұл іздеу шараларын жүргізуді қиындатады. Бұл жерде өтініштің уақытылы келіп түсуі өте маңызды, бұл жоғалған жасөспірімдердің орналасқан жерін жедел анықтауға мүмкіндік береді.