Алматы облысының полицейлері халықаралық іздеуде жүрген қылмыскерді ұстады
Алматы облысының полицейлері халықаралық іздеуде жүрген қылмыскерді ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы облысының аумағында 20-28 ақпан аралығында көші-қон жағдайын сауықтыру, заңсыз келген және тұратын шетелдіктерді анықтау, заңсыз көші-қон арналарының жолын кесу, сондай-ақ көші-қон заңнамасын бұзумен байланысты өзге де құқыққа қайшы әрекеттер үшін «Мигрант» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр.
– Шара аясында жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу барысында Алматы облысы ПД экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері көші-қон қызметі басқармасымен бірлесіп, халықаралық іздеуде жүрген 34 жастағы Өзбекстан Республикасының азаматын анықтап, ұстады, – деп хабарлады ведомство өкілдері.
Жалпы, «Мигрант» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізу кезінде облыста 360 құқық бұзушылық анықталып, көрші республикалардың 19 азаматы елден шығарылды.
Сонымен қатар ҚР ҚК-нің 517 (Шетелдiктiң немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы), 518 (Шетелдiктерді және азаматтығы жоқ адамдарды қабылдайтын жеке немесе заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы), 519-баптары (Шетелдiк жұмыс күшiн және еңбекшi көшiп келушілерді Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып тарту) бойынша заңсыз көші-қонды ұйымдастырғаны үшін 3 қылмыстық іс қозғалды.